Ақтөбе тұрғынын бір топ адам ұрып, автокөлігін өздеріне рәсімдеуді талап еткен

Автор: Асыл Арман

Күдікті топ қолға түсті

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбе облысының 38 жастағы тұрғынын бір топ адам ұстап, автокөлігін өздеріне рәсімдеуді талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала мәліметке сәйкес, бес күдікті жәбірленушінің танысы оның банк картасынан ақша аударған деген сылтаумен өздеріне тиесілі автокөлікті қайта рәсімдеуді және ақша беруді талап еткен.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер ер адамды автокөліктің ішінде заңсыз ұстап, бірнеше сағат бойы күш қолданып, өздерінің заңсыз талаптарын орындауға мәжбүрлеген.

«Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлерін тарта отырып жүргізген арнайы операция барысында күдіктілердің барлығы анықталып, ұсталды. Аталған факті бойынша бопсалау дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сондай-ақ олардың осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – делінген облыстық ПД хабарламасында.