Адам саудасына қатысты 80-нен астам қылмыс анықталды
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде 30-дан астам қылмыстық топ құрықталып, мектептер мен бизнес өкілдерін бопсалаған 270-тен астам рэкет фактісі әшкереленген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомсто дерегіне сүйенсек, трансұлттық сипаттағы фактілер бойынша 38 қылмыстық іс тіркелді. Қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактілері бойынша да қылмыстық істер тергеліп жатыр.
Әртүрлі қылмыс жасағаны үшін қылмыстық ортаға қатысы бар 160-тан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Азаматтар мен кәсіптердің қауіпсіздігіне қол сұғатын қылмыстардың жолын кесуге ерекше назар аударылып отыр.
«Полицейлер кәсіпкерлер мен білім беру ұйымдарында жасалған және өзге де қылмыстарға қатысты 270-тен астам бопсалау фактісін анықтады. Еліміздің өңірлерінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 30-дан астам қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Басым бағыттардың бірі – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету. Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлесіп, жазасын өтеп жатқан қылмыстық орта өкілдерінің мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбауы және қызметкерлерге қауіп төндіру фактілері бойынша 50-ден астам қылмыстық іс тіркелді.
Трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық дамып келеді. ІІМ бастамасымен «заңдағы ұры» деп аталатын санатқа жататын, сондай-ақ шетелдік қылмыстық орта өкілдері саналатын 500-ге жуық адамның Қазақстан Республикасына кіруіне тыйым салынды.
«Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңды іске асыру аясында 80-нен астам қылмыс анықталды. Зардап шеккендерге қажетті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетіліп, олардың заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы қамтамасыз етілді.