Түркістанда директор тестілеуден өтпеген ұстаздарға заңсыз біліктілік санатын беріп, 16 млн теңге пара алған

Автор: Асыл Арман

Ол осы қылмысы үшін сотталып кетті

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Түркістан облысында мұғалімдерге заңсыз санат үлестіріп, миллиондарды жымқырған мектеп директоры сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Түркістан облысында мектептің бұрынғы директоры мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамға теңестірілген адам бола отырып, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланып, міндетті тестілеу және аттестаттау комиссиясынан өтпеген мұғалімдерге біліктілік санаттарын заңсыз берген, сондай-ақ мұғалімнен пара алған.

«Сотталғанның әрекеті 12 мұғалімге бюджеттен жалпы сомасы 16 млн теңгеден астам жалақыны негізсіз төлеуге әкеп соққан. Бірінші сот қарауы кезінде сотталған адам қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны дәлелденбегендіктен, ақталған. Бас прокуратураның кассациялық тәртіппен енгізген наразылығы бойынша ақтау үкімінің күші жойылды, іс жаңадан апелляциялық қарауға жіберілді», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Істі жаңадан қарау кезінде сот экс-директорды лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және пара алғаны үшін кінәлі деп таныды. Мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды.