457 шақырым жол қайта салынып, Қарағанды мен Жезқазған арасындағы жол жүру уақыты шамамен 2,5 сағатқа қысқарады
Қазақстанда соңғы жарты ғасырда алғаш рет республикалық маңызы бар Қарағанды – Жезқазған автожолын ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, қайта жаңарту жұмыстары жолдың жалпы ұзындығы 572 шақырымның 457 шақырымын қамтиды. Бұл – соңғы жылдардағы ең ірі жол жобаларының бірі.
Аталған тасжолға соңғы рет 1970-жылдары күрделі жөндеу жүргізілген. Содан бері ол Орталық Қазақстандағы негізгі көлік дәліздерінің бірі ретінде пайдаланылып келеді.
Жоба аясында жол жабыны толық ауыстырылады, көпірлер мен басқа да инженерлік құрылыстар қайта салынады. Сондай-ақ демалыс алаңдары, автобус аялдамалары, жол қиылыстары мен қосылыстары салынып, жаңартылады. Жөндеу аяқталғаннан кейін автожол ІІ техникалық санаттың талаптарына сәйкестендіріледі.
Компанияның мәліметінше, қайта жаңғырту аяқталған соң Қарағанды мен Жезқазған арасындағы жол жүру уақыты шамамен 2,5 сағатқа қысқарады, ал жолдың өткізу қабілеті 33 пайызға артады.
Бұл жоба Астана – Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда бағытындағы жаңа көлік дәлізін қалыптастыру жұмыстарының бір бөлігі саналады. Ол Қызылорда – Жезқазған автожолын жаңарту жобасымен қатар жүзеге асырылып жатыр.
Құрылыс жұмыстарына 2 500-ден астам маман мен 1 000-нан астам арнайы техника жұмылдырылады. Жоба аясында 52 көпір, 72 жол өткелі, 28 көлік айрығы салынып немесе қайта жаңғыртылып, сондай-ақ жүздеген су өткізу құрылысы бой көтереді.