Астанаға Hyundai көлігімен мефедрон тасыған ер адам ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Көлікке жүргізілген тінту барысында ұнтақ тәрізді зат салынған капсула табылды

Фото: Видеодан скрин

Астана қаласына Hyundai көлігімен мефедрон тасыған ер адам қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция департаментінің мәліметінше, қалаға кіреберісте есірткі заттарын сақтау және өткізу күдігімен Hyundai автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі ұсталды. Анықталғандай, ол елордаға келген бойда есірткі затын жасырып қоятын жасырын орынды дайындап үлгерген.

Көлікке жүргізілген тінту барысында ұнтақ тәрізді зат салынған капсула табылып, оның мефедрон екені анықталды. Кейіннен күдікті тағы екі жасырын орынның мекенжайын көрсетіп, ол жерлерден қосымша есірткі партиялары табылып, тәркіленді. Тәркіленген мефедронның жалпы салмағы шамамен жарты келіні құрады.

«Есірткі заттарын сақтау және өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында күдіктінің елорда тұрғыны екені және есірткіні ірі партиялармен жеткізіп, кейін оны қала аумағында және еліміздің бірқатар өңірлерінде таратумен айналысқаны анықталды», – делінген ПД хабарламасында.

Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби іс-қимылының нәтижесінде синтетикалық есірткіні жеткізу және тарату арнасының жолы кесілді.