Қазақстанда жемқорлардан қайтарылған активтерге 450-ден астам нысан салынды

Автор: Аягөз Құрмаш

Парламент қабылдаған заң аясында елге триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды

Фото: istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында адам капиталын дамыту мемлекеттің негізгі стратегиялық бағыты болып қала беретінін айтты. Мемлекет басшысы заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмысы жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

Президенттің айтуынша, қазіргі заманда мемлекеттің басты байлығы – табиғи ресурстар емес, адам капиталы.

«Бесінші мәселе – адам капиталын дамыту. ХХІ ғасырда шикізатқа немесе халық санына ғана сеніп отыра беруге болмайды. Мұндай ұстаным кез келген мемлекетті жарға жығады. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Қазір де қайталаймын: инфляцияға тәуелді емес бір ғана капитал бар – бұл адам әлеуетінің сапасы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, осыған байланысты мемлекет ғылым, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қолдау салаларын дамытуға басымдық беріп келеді.

«Сондықтан біз әлеуметтік салаға бірден-бір стратегиялық бағыт ретінде қараймыз. Бүгінде мемлекет азаматтарды жан-жақты дамытуды көздейтін негізгі салалардың барлығына қомақты қаражат бөліп отыр. Соның ішінде ғылым мен білім, мәдениет пен денсаулық, спорт және әлеуметтік қолдау саласын ерекше атап өткен жөн. Биылдың өзінде осы стратегиялық мақсатқа 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл – мемлекет бюджетінің жартысынан көбі деген сөз», – деді президент.

Мемлекет басшысы әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты қоғамда тең мүмкіндік қалыптастыру екенін атап өтті.

«Расында, Қазақстан – әлеуметтік салаға айрықша мән беріп, жүйелі әрі байыпты саясат жүргізіп келе жатқан әлемдегі аз ғана мемлекеттің бірі. Бірақ біз мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек: шынайы әділеттілік дегеніміз ел игілігін бәріне бірдей бөліп бере салу емес. Нағыз әділеттілік – әрбір азаматқа тең мүмкіндік беретін тиімді әрі мұқият ойластырылған жүйе құру деген сөз. Ең бастысы, барлығы заң алдында тең болуға тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты», – деді мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару осы қағидаттың нақты нәтижесіне айналды.

«Парламенттің «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды қабылдауы – осы қағидаттың нақты көрінісі. Аталған заң аясында елге триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қазірдің өзінде осы қаржының жартысынан көбі халық игілігіне жұмсалды. Соның есебінен 450-ден аса маңызды әлеуметтік және коммуналдық нысан салынды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.