Қазақстан BigTech корпорацияларын тартатын жаңа мегажобаны қолға алады

Автор: Аягөз Құрмаш

Себебі жасанды интеллект мол қуат пен есептеу кеңістігін қажет етеді

Фото: istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

Президенттің айтуынша, қуатты суперкомпьютерлерді іске қосу еліміздің цифрлық дамуына жаңа серпін берді.

«Қуатты суперкомпьютерлерді іске қосу бұл бағыттағы маңызды қадам болды. Ол жасанды интеллект жөніндегі теориялық тұжырымдарды мемлекеттік басқаруға, экономикаға және ұлттық қауіпсіздікке арналған қолданбалы шешімдерге ұластырды. Дегенмен жасанды интеллект мол қуат пен есептеу кеңістігін қажет етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты Қазақстанда «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасы іске асырылады.

«Дәл осы себепті «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасын қолға алудың мәні зор. Аталған жоба әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тартатын жойқын гравитациялық алаңға айналады. Үкімет бұл міндетті айрықша бақылауда ұстауы керек. Оның орындалуын ұдайы қадағалап отырамын. Шын мәнінде, қазір Жаңа Жібек жолының жоғары технологиялық хабы ретінде еліміздің цифрлық дербестігінің іргесі қаланып жатыр», – деді Президент.

Мемлекет басшысы цифрлық инфрақұрылыммен қатар, білікті кадр даярлаудың да маңызы зор екенін атап өтті.

«Бұл ретте ең қуатты компьютерлерде, озық дата-орталықтарда жұмыс істейтін маман болмаса, қаржы желге ұшатынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан болашақ архитекторлары мен бағдарлама әзірлеушілерін мектеп партасынан бастап даярлауға кірістік. Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының жанынан екі инновациялық мектеп ашылды. Осы оқу жылында Жасанды интеллект университеті ашылады. Бұл – аталған салаға маман даярлайтын Орталық Азиядағы тұңғыш арнаулы оқу орны болмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, цифрлық трансформация мемлекеттік басқару жүйесін де түбегейлі өзгертеді.

«Цифрлық трансформация дегеніміз – жоғарыдан төмен қарай барлық басқару тармақтарын, тіпті халықтың басым бөлігін қамтитын ашық әрі қарқынды үдеріс. Қазірдің өзінде жоғары лауазымды басшылардан бастап ауыл әкімдеріне дейін он мыңдаған мемлекеттік қызметші осы салалық білім беру бағдарламасына қатысып жатыр. Біз мемлекеттік басқарудың логикасы мен философиясын түбегейлі өзгертуіміз керек. Әдеттегі бюрократиядан арылып, тиімділігі жоғары "Мемлекет-платформа" (GovTech) сервистік парадигмасына батыл түрде көшуіміз қажет. Түпкі мақсатымыз – жаһандық технологиялық ландшафтта орныққан, ұлттық мүддені табанды түрде қорғап, ілгерілететін, азаматтарына мүлтіксіз қызмет ететін озық цифрлық мемлекет құру», – деді мемлекет басшысы.