Мемлекет басшысы: Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты

Автор: Аягөз Құрмаш

Былтыр ел экономикасы 6,5 пайызға өсті

Фото: istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру ел алдындағы басты стратегиялық міндеттердің бірі екенін айтты. Мемлекет басшысы экономиканы жаңғырту үшін бұрынғы жұмыс тәсілдерінен бас тартып, жаңа көзқарас қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.    

Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, Қазақстанның бірқатар маңызды нәтижеге қол жеткізгенін айтты.

«Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Мұны әлем елдерінің даму қарқынымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш деуге болады. Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе артты. Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары нәтиженің бірі», – деді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы инфляция деңгейінің төмендегенін және қаржы жүйесінің тұрақтылығын атап өтті.

«Инфляция бағамы төмендеді: биылғы бес айдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 10,4 пайызға дейін түсті. Бірақ бұл көрсеткішті әлі де төмендету керек. Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты. Ұлттық валютамыз да өз тұғырында нық тұр, сыртқы қауіп-қатерлерден сенімді түрде қорғалған деп айтсақ, қате болмайды», – деді ол.

Президенттің айтуынша, экономикалық реформаларды іске асыруда Парламент, Үкімет және Ұлттық банк бірлесіп нәтижелі жұмыс атқарған.

«Жалпы, Парламент Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, тиімді жұмыс атқарды. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе – Ұлттық банктің негізгі пайыздық ставкасы. Бұл мәселені пайымдап шешу керек. Өздеріңіз қабылдаған Бюджет және Салық кодекстеріне сәйкес еліміздің экономикалық жүйесі толығымен қайта жаңғырды және мемлекет қаржысын басқаруға қатысты ұстаным түбегейлі өзгерді. Осылайша, Қазақстан экономикасының жаңа келбетіне жол ашуға қажетті негіз қалыптасты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.