Оның 28 маусым күні Алакөл жағалауында көз жұмғаны белгілі болды
Белгілі журналист, медиасарапшы, көп жылдан бері БАҚ өкілдерін, баспасөз хатшыларын және қоғаммен байланыс саласының мамандарын бір ортаға топтастырып келген BAQ / БАҚ / ПРЕСС-ҚЫЗМЕТТЕРІ / PR кәсіби медиақауымдастығының әкімшісі Әйгерім Мейірханова мезгілсіз өмірден өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға Абай облысының Мақаншы ауданы тұсындағы Алакөл көлінің жағалауында болған. Өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, агенттік тілшісіне ресми пікір білдірді.
Полиция департаментінің мәліметінше, 28 маусым күні сағат 17:40-та Мақаншы ауданының полиция бөліміне «103» қызметінің диспетчерінен Алакөл жағалауында 38 жастағы әйелдің жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге дейін кенеттен қайтыс болғаны туралы хабарлама түсті. Куәгерлердің айтуынша, әйелдің аяқ астынан жағдайы нашарлап, артынша есінен танып қалған.
«Аталған факті бойынша Мақаншы ауданының полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Өлімнің нақты себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеп-тексеру нәтижелері мен сараптама қорытындысына сәйкес тиісті процестік шешім қабылданатын болады», – делінген облыстық ПД хабарламасында.
Әріптестері Әйгерімді ақжарқын, мейірімді, жанашыр әрі шынайы адам ретінде сипаттайды. Көптеген көңіл айту хабарламаларында оның адамгершілігі, әділдігі, кәсібилігі мен әріптестеріне деген құрметі ерекше аталған.
«Осындай сәтте адам өмірінің қаншалықты нәзік екенін тағы бір мәрте түсінесің. Ең маңыздысы – артыңда жақсы ат пен жарқын естелік қалдыру», – деп жазды әріптестері.
Айта кетерлігі, Әйгерім Мейірханованы ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 29 маусым күні сағат 19:00-де Қосшы қаласындағы Бөгенбай батыр мешітінде өтеді.
Azattyq Rýhy агенттігінің редакциясы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.