Құжатқа сәйкес, алдағы алты айда Қазақстаннан шетелге шығарылатын сиыр етінің көлемі 25 мың тоннадан аспауы тиіс
Қазақстанда сиыр етін экспорттауға алты ай мерзімге шектеу енгізілмек. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындаған бұйрық жобасында айтылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжатқа сәйкес, алдағы алты айда Қазақстаннан Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен басқа мемлекеттерге шығарылатын жаңа сойылған, салқындатылған және мұздатылған сиыр етінің көлемі 25 мың тоннадан аспауы тиіс.
Бұл – сиыр етін экспорттауға толық тыйым салынады деген сөз емес. Кәсіпкерлер өнімді шетелге шығара береді, бірақ белгіленген мөлшерден артық экспорттай алмайды.
Министрлік мұндай шешімнің бірнеше себебін атады. Атап айтқанда, елдегі ет өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы өнімдерін ел ішінде көбірек өңдеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, ішкі нарықтағы ет қорын сақтау және бағаның қымбаттап кетуіне жол бермеу көзделіп отыр.
Бұйрық жобасы Ведомствоаралық комиссияның 2026 жылғы 26 маусымдағы шешімі негізінде әзірленген.
Министрліктің мәліметінше, құжат қабылданса, оның әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан кері әсері болмайды.
Айта кетейік, бұған дейін де Қазақстанда ішкі нарықты етпен қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру мақсатында мал мен ет экспортына уақытша шектеулер енгізілген.