Фестиваль 5 шілде күні этникалық музыка кешімен салтанатты түрде ашылады
Петропавлда 5-10 шілде күндері өңірдегі ең ауқымды музыкалық фестивальдердің бірі өтеді. Осы күндері қаланың орталық алаңында жыл сайын мыңдаған көрерменнің басын қосатын халықаралық QYZYLJAR MUSIC FEST – V фестивалі өтеді. Ауқымды мәдени іс-шара ұлттық және әлемдік музыкалық дәстүрлерді, заманауи өнер мен тың шығармашылық жобаларды бір сахнада тоғыстырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ашық алаңда өтетін алты концерттік кеш көрермендерге музыка мен шығармашылыққа толы ерекше көңіл күй сыйлайды. Күн сайын сағат 19:00-де қаланың орталық алаңында әртүрлі музыкалық бағыттар мен мәдениеттерді тоғыстырған ауқымды концерттік бағдарлама ұсынылады.
Фестиваль 5 шілдеде этникалық музыка кешімен салтанатты түрде ашылады. Сахнада ұлттық дәстүрлер мен заманауи әуендерді үйлестіре отырып көрермендердің ықыласына бөленген Hassak фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетеді.
6 шілде күні фестиваль қонақтарына арнап заманауи би мен қозғалыс энергиясына толы бағдарлама ұйымдастырылады. Арнайы қонақ ретінде халықаралық Red Bull Dance Your Style жобасының финалисі Руфина Карева қатысады.
7 шілдеде фестиваль алаңында диджейлердің музыкалық батлы өтеді. Қуатты ырғақ, заманауи әуендер, әсерлі жарық шоуы мен би мәдениеті жастар мен электронды музыка әуесқойларына ерекше кеш сыйлайды.
Фестивальдің ерекше оқиғаларының бірі 9 шілдеде өтетін ашық аспан астындағы классикалық музыка кеші болмақ. Көрермендер алдында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарина Алтынбаева өнер көрсетеді. Бағдарламаның арнайы қонағы ретінде әлемнің көптеген сахналарын бағындырған әйгілі италиялық опера әншісі Angelo Forte (Италия) қатысады.
Фестиваль 10 шілдеде өтетін үлкен гала-концертпен қорытындыланады. Кеште танымал қазақстандық орындаушы Alem сахнаға шығып, көпшілікті сүйікті әндерімен қуантады.
QYZYLJAR MUSIC FEST бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының мәдени өмірінің айрықша брендіне айналды. Бұл – концерттер топтамасы ғана емес, адамдарды музыка, өнер және шынайы қарым-қатынас арқылы жақындастыратын ауқымды мәдени жоба. Фестиваль көрермендерді әлемдік деңгейдегі өнерпаздардың шығармашылығымен таныстырып, жаңа музыкалық бағыттарды ашуға және жазғы кештерді мазмұнды өткізуге жол ашады.
Іс-шаралар 5-10 шілде күндері сағат 19:00-де Петропавл қаласының басты алаңында өтеді. Кіру тегін.