Жексенбі күні еліміздің басым бөлігінде құбылмалы ауа райы болады
«Қазгидромет» синоптиктері 2026 жылғы 28 маусымға арналған ауа райының жалпы болжамын жариялады. Жексенбі күні еліміздің басым бөлігінде құбылмалы ауа райы болып, найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Елдің батыс, солтүстік, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде нөсер жаңбыр жауады деп болжануда. Республика бойынша желдің күшеюі күтіледі, ал солтүстік пен шығыста түнде және таңертең тұман түседі.
Жауын-шашынға қарамастан, күндіз еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық сақталады. Синоптиктердің болжамынша, Алматы, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Абай облыстарында ауа температурасы +35…+38°C-қа дейін көтеріледі. Ал Жетісу облысының солтүстігінде сынап бағаны +40°C-ты көрсетсе, Түркістан облысында аптап ыстықтың күші +40…+42°C-қа дейін жетеді.
Күннің қатты ысуы мен құрғақшылыққа байланысты синоптиктер еліміздің бірқатар өңірінде өрт қаупінің жоғары екенін ескертті. Жетісу, Қызылорда, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Атырау, Ұлытау және Абай облыстарының бірқатар ауданында төтенше өрт қаупі жарияланды. Ал Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жекелеген аумақтарында жоғары өрт қаупі сақталады.
Мамандар тұрғындарды табиғат аясында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, от жақпауға шақырады.