Астанада жолаушылар автобусы өртеніп кетті

Автор: Дәулет Ботагөз

Тілсіз жау қысқа уақыт ішінде толықтай сөндірілді

Фото: ТЖМ

Елордадағы Есіл ауданы Әл-Фараби даңғылының бойында жолаушылар автобусынан өрт шықты. Қоғамдық көліктің қозғалтқыш бөлігінде жалын тұтанған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға орнына ТЖМ өрт сөндіру жасақтары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары жедел жетті. Құтқарушылар келген сәтте автобустың мотор бөлігі ашық жалынмен өртеніп жатқан. Ішінде болған жолаушылар қауіпті сезіп, мамандар келгенге дейін көліктен өздігінен сыртқа шығып үлгерген.

Мамандардың жедел іс-қимылының арқасында өрттің ауқымды аумаққа таралуына жол берілмеді. Тілсіз жау қысқа уақыт ішінде толықтай сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер тіркелген жоқ. Сондай-ақ өрт сөндірушілер жалынның автобус салонын толық шарпуына жол бермей, оның одан әрі таралуын дер кезінде тоқтатты.

Қазіргі уақытта қоғамдық көліктегі өрттің шығу себептері мен материалдық шығын көлемі анықталып жатыр.