Ол бұған дейін 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған
Маңғыстау облысында көлік басқару құқығынан айырыла тұра, рөлге қайтадан мас болып отырған жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты. Маңғыстау аудандық прокуратурасының хабарлауынша, құқық бұзушы енді темір торға тоғытылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот материалдарына сүйенсек, азамат Н. осы жылдың наурыз айында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша кінәлі деп танылған. Сол кезде сот шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған еді.
Алайда, сот бекіткен ресми тыйымға қарамастан, ол заңға бағынбаған.
«Азамат Н. биылғы жылдың мамыр айының соңында көлік басқару құқығы жоқ екенін біле тұра, рөлге тағы да мас болып отырған. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді», — деп мәлімдеді аудандық прокуратурадан.
Маңғыстау аудандық соты айыпталушының бұл әрекетін қылмыстық құқық бұзушылық деп танып, Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша кінәлі деп шешті.
Сот үкіміне сәйкес, айыпталушы 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Соттың шешімімен ол үкім жарияланғаннан кейін бірден сот залында қамауға алынды.