Алматы жастары мен креативті индустрия өкілдері алғашқылардың бірі болып Президенттен жаңа Конституцияның арнайы басылымын алды

Автор: Алмас Ерсін

Аида Балаева жастардың ел болашағын қалыптастырудағы рөліне тоқталып, мемлекеттік бастамаларды таныстырды

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алматыда Президент атынан жастар белсенділері мен креативті индустрия өкілдеріне Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын табыстау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың хаты мен арнайы басылымды Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыс етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Сізге жаңа Конституциямыздың арнайы басылымын табыстай отырып, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы қажырлы еңбегіңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін», – делінген хатта.

Жиында Үкімет басшысының орынбасары Мемлекет басшысының жастарға айрықша көңіл бөліп, жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын және оларға үлкен үміт артатынын атап өтті.

«Президент ұсынған Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстан идеясы да ең алдымен жаңа буынның жауапкершілігімен тығыз байланысты. Сіздер – Жаңа Қазақстанның жасампаз ұрпағысыздар. Еліміздің болашағы Конституцияда бекітілген қағидаттардың өмірде қаншалықты жүзеге асатынына, ең алдымен, сіздердің білімдеріңізге, еңбектеріңізге және азаматтық жауапкершіліктеріңізге байланысты», – деді Аида Балаева.

Премьер-министрдің орынбасары елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың барлығы, ең алдымен, жастардың келешегіне бағытталғанын айтып, өскелең ұрпақты мемлекеттік қолдау шараларына арнайы тоқталды.

«Елімізде жастардың саяси және қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктері артып келеді. Партиялық тізімдер мен депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота енгізілді. Президенттік жастар кадр резерві де жаңа буын басқарушыларын қалыптастыратын маңызды әлеуметтік лифтке айналды», – деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бүгінде Қазақстанда жастарды қолдаудың кешенді жүйесі қалыптасты. Соңғы жылдары білім мен ғылым саласына салынатын инвестиция көлемі бес есе, білім беру жүйесінің бюджеті үш есе артты.

Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы студенттердің шәкіртақысы екі есе көбейтілді. Соңғы бес жылда білім беру гранттарының саны 1,5 есе өсті.

Кездесу барысында мамандар даярлау жүйесінде де ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Атап айтқанда, еңбек нарығының қазіргі талаптарына сәйкес келмейтін 800-ге жуық мамандық қысқартылып, олардың орнына сұранысқа ие бағыттар бойынша кадр даярлау қолға алынбақ.