Қырғыз Республикасына заңсыз шығарылған жанармай көлемі 190 мың тоннадан асқан
Қазақстаннан жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаған ірі қылмыстық топтар әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері ІІМ және Шекара қызметімен бірлесіп, жанар-жағармай материалдарын ел аумағынан заңсыз шығарудың 712 әрекетінің жолын кесті. Мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мен контрабандасы фактілері бойынша 8 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Мәселен, Маңғыстау облысында 2022 жылдан бері есепке алынбаған 28,5 мың тоннадан астам мұнайды өңдеген заңсыз шағын мұнай өңдеу зауытының қызметі әшкереленді. Өндірілген өнім мазут ретінде рәсімделіп, шетелге шығарылған.
Түркістан облысында мемлекеттік шекара астынан арнайы қазылған тоннель арқылы Өзбекстан Республикасына бензин контрабандасын ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топтың заңсыз қызметі тоқтатылды. Аталған іс бойынша кінәлілер ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, Қырғыз Республикасына АИ-92 маркалы бензинді заңсыз тасымалдаумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Заңсыз шығарылған жанармай көлемі 190 мың тоннадан асып, оның құны 37 млрд теңгеден жоғары болған.
Кезекті заңсыз тасымалдау әрекеті кезінде «Түрксіб» станциясында шамамен 500 тонна бензин тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталды. Құны 138 млн теңге болатын тәркіленген бензин мемлекет кірісіне айналдырылды.
«Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу мақсатында Агенттік мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау схемаларын анықтау және жолын кесу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда», – делінген агенттіктің ресми хабарламасында.