Соңғы бір жыл ішінде 50 ата-ана алимент төлемегені үшін жазаланған
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында ата-аналар балаларына алимент төлемес үшін ұсынылған жұмыстан бас тартқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Сарыағаш ауданында балаларына алимент төлемес үшін бірқатар ата-ана жұмыспен қамту органдары ұсынған орындарға орналасудан әдейі бас тартқаны анықталды.
Қабылданған прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде соңғы бір жыл ішінде 50 борышкер ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды.
«Сот актілерін және заң талаптарын әдейі елемей, балаларына алимент төлеуден жалтарған 5 борышкер ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылды. Алимент төлемеу – бұл тек сот шешімін орындамау емес, бұл өз баласының заңды құқықтарын өрескел бұзу. Прокуратура алимент төлеуден жалтарған әрбір борышкердің әрекетіне қатаң құқықтық баға беріп, олардың заңда көзделген жауаптылыққа тартылуын қамтамасыз етеді», – делінген хабарламада.