Алматыда ағайынды екі жігіт пәтер тонап жүр деген күдікпен ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Алматы қаласының полициясы арнайы операция жүргізді

Фото: Видеодан скрин

Алматы қаласына басқа өңірден келген ағайынды екі жігіт пәтер тонаумен айналысып жүр деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматының полицейлері пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыстық топтың ізіне түсіп, олардың жолын кесті. Олар жылдам әрі алдын ала ойластырылған тәсілмен әрекет еткен. Қаланың таулы аудандарындағы бірінші және екінші қабаттағы пәтерлерді нысанаға алып отырған.

Қылмыстық схема бірдей болған: терезе торын бұзып кіру, үй ішін жедел тінту және бағалы әрі шағын заттарды қолды ету. Осылайша олар санаулы минуттың ішінде ізін суытып үлгерген.

Алайда қылмыскерлер жауапкершіліктен құтыла алған жоқ.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта олардың кемінде бес пәтер ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері күдіктілердің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы барын тексеріп жатыр», – делінген ПД хабарламасында.