Қала аумағында шомылуға ресми рұқсат етілген үш жағажай бар
Семейде жазғы маусымдағы судағы қауіпсіздік мәселесіне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің бастамасымен өткен іс-шара барысында журналистер қаладағы ресми жағажайлардың дайындығымен танысып, мамандардың түсіндіру жұмыстарына куә болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Баспасөз турына қатысушылар Семей қалалық жағажайын, «Заря» жағажайы және Затон демалыс аймағын аралады. Бұл орындар бүгінде қала аумағындағы шомылуға ресми түрде рұқсат етілген үш жағажай ретінде саналады.
Семей қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғаныс тобының аға офицері Темірлан Амантаевтың айтуынша, қазіргі таңда барлық жағажайлар қажетті қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған. Мұнда құтқарушылар мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары күн сайын кезекшілік атқарады.
«Қазіргі уақытта шомылуға рұқсат етілген барлық жағажай қажетті құралдармен жабдықталған. Құтқарушылар күн сайын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар шомылуға тыйым салынған аумақтарға ескерту белгілері мен QR-коды бар ақпараттық тақтайшалар орнатылды. Тұрғындар QR-код арқылы қауіпсіздік ережелерімен таныса алады. Су айдындарында түсіндіру жұмыстары мен тексерулер тұрақты ұйымдастырылып келеді», – деді Темірлан Амантаев.
Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері судағы қауіпсіздік талаптарын сақтамаған азаматтарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 36 хаттама толтырылған.
Құтқарушылар тұрғындарды тек арнайы белгіленген орындарда шомылуға, мас күйінде суға түспеуге және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Мамандардың айтуынша, су жағасындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі.