Конкурс нәтижесінде 184 қазақстандық шетелде білім алады
Қазақстандықтарға әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламалары бойынша конкурс аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Халықаралық бағдарламалар орталығының» мәліметінше, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 184 азаматқа «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалған. Олардың ішінде 137 адам магистратура бағдарламалары бойынша, 10 адам докторантура бойынша білім алады. Ал 37 маман кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Сонымен қатар 51 қазақстандық әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.
Орталықтың хабарлауынша, республикалық комиссия отырысында «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриатқа түсетін үміткерлерге арналған халықаралық олимпиадалар, ғылыми жобалар конкурстары және халықаралық орындаушылар байқауларының тізімі кеңейтілген. Сондай-ақ бағдарлама тетіктерін жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар қаралған.
«Болашақ» бағдарламасы арқылы қазақстандық жастар мен мамандар жыл сайын әлемнің үздік оқу орындары мен ғылыми орталықтарында білім алып, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады.
Грант иегерлерінің толық тізімі «Халықаралық бағдарламалар орталығының» ресми сайтында жарияланған.