Шымкентте қорқор жарнамасына қарсы күрес күшейді
Шымкент қаласында интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде қорқор өнімдерін заңсыз жарнамалауға жол бермеу бағытындағы жұмыс күшейтілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жарнама туралы» Қазақстан Республикасы заңының 13-бабына сәйкес қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын және темекі өнімдерін тікелей немесе жанама жарнамалауға тыйым салынған. Заң талабы бұқаралық ақпарат құралдарымен ғана шектелмейді және интернет-платформаларда орналастырылатын жарнамалық материалдарға да қолданылады. Осыған байланысты әлеуметтік желілердегі парақшаларда, стористер мен бейнероликтерде қорқорды көрсету, оны тұтынуға шақыратын мәтіндер орналастыру, арнайы ұсыныстар, жеңілдіктер мен акциялар жариялау, мәзірлерде, баннерлерде және сыртқы жарнама нысандарында қорқор өнімдерін насихаттау заң талаптарына қайшы келеді.
Қорқордың суретін немесе бейнесін пайдаланып, тұтынушылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған «қорқор бар», «жаңа дәмдер», «тегін қорқор», «акция», «жеңілдік» және осыған ұқсас жарияланымдар жарнаманың жанама түрі ретінде бағалануы мүмкін.
Жарнама туралы заңнаманы бұзу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 455-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Заңсыз жарнама анықталған жағдайда оны таратқан тұлға жарнаманы дереу тоқтатуға міндетті.
Осыған орай қоғамдық тамақтану және ойын-сауық орындарының иелеріне:
Қала прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп интернет-кеңістікке мониторинг жүргізуді жалғастырады. Заң талаптарын елемеген кәсіпкерлік субъектілеріне белгіленген тәртіппен құқықтық шаралар қабылданатын болады.