35 км кептеліс пен аптап ыстық: БҚО-да жүк көліктерінің жүргізушілері қиын жағдайда қалды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

«Сырым – Маштаково» шекара бекетінде жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі пайда болды

Фото: «Мой город»

Батыс Қазақстан облысындағы Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Сырым – Маштаково» өткізу пунктінде жүк көліктерінің ұзын-сонар кептелісі пайда болды. Жүргізушілер бір тәуліктен аса уақыт кезекте тұрғанын және жағдайдың қиын екенін айтып шағымданды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым мәліметінше, тасжолдағы жағдай сағат сайын қиындап барады.

«Мен 21 маусым күні сағат 14:50-де келдім. Екінші тәулік болды, кезекте тұрғаныма. Осы уақыт ішінде небәрі 15 шақырым ғана жүрдім. Ол кезде кезек 20 шақырым болатын, қазір 35 шақырымға жетті. Шекараға дейін әлі 10 шақырымдай қалды. Бұл тағы бір тәуліктен астам күтуге тура келеді деген сөз. Неліктен сонша ұзақ күтіп тұрғанымызды, шекара неге толық жұмыс істемейтінін түсіне алмай отырмыз», – дейді жүргізушілердің бірі.

Жүк көлігі жүргізушілерінің айтуынша, жол бойында тамақтану орындары, ауыз су, азық-түлік пен санитарлық аймақтар өте аз.

БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан тарапынан салық органдары штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Ал ҰҚК Шекара қызметі жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.

Шекарашылардың мәліметінше, Қазақстаннан шығатын бағытта көліктердің шамадан тыс жиналуына үш негізгі фактор әсер еткен:

  • Маусымдық жүк тасымалының артуы – қауын-қарбыз және басқа да тез бұзылатын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезеңі басталды;
  • Транзит көлемінің көбеюі – Қазақстан арқылы Ресейге бағытталатын халық тұтынатын тауарлар ағыны артқан;
  • Жолақтардың қысқаруы – «Сырым» өткізу пунктін жаңғыртуға байланысты құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілуде. Соның салдарынан қозғалыс жолақтарының саны азайып, өткізу қабілетін арттыру мүмкін болмай отыр.

Басылымның мәліметіне сүйенсек, жүк көлігі жүргізушілері дәл осы өткізу пунктіне қатысты жиі шағымданады. Ресейдегі «Маштаково» бекетіне қарама-қарсы орналасқан «Сырым» бақылау-өткізу пункті – Самара бағытына және Ресейдің ішкі өңірлеріне шығатын ең ірі көлік тораптарының бірі. Қалыпты жағдайда мұнда тәулігіне шамамен 700-800 жүк көлігі шекарадан өтеді.

Тегтер: