23 маусым – Қазақстанда Мемлекеттік қызметші күні

Автор: Аягөз Құрмаш

Мемлекеттік қызмет – бұл ел мен халыққа адал қызмет ету

Фото: Ақорда

Қазақстанда 2014 жылдан бастап маусым айында Мемлекеттік қызметші күні ресми түрде атап өтіледі. Бұл күн – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, қоғам мен мемлекет арасындағы алтын көпірге айналған жандардың еңбегін ұлықтайтын айтулы мерзім. Кез келген мемлекеттің табысты дамуы оның кәсіби, білікті әрі өз ісіне адал кадрларына тікелей байланысты. Осындай жауапкершілігі жоғары саланы серік етіп, ішкі істер органында аянбай еңбек етіп жүрген жандардың бірі – полиция аға инспекторы Гүлмира Шрахметова, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бала күнгі арманның жетегінде

Гүлмира Шрахметова Абай облысының Абай ауданында туып-өскен. Әкесі мұғалім, анасы дәрігер болған отбасы оны еркін, өжет етіп тәрбиеледі. Үш жоғары оқу орнын тәмамдап, алғашқы мамандығы экономист болса да, оның таңдауы ішкі істер саласына түсті.

«Бала күнімде ішкі істер органында неге ер адамдар басым, әйелдер неге еңбек етпейді деп ойлайтынмын. Арнайы киім-кешектеріне қызығатынмын. Өз өмірімнің 19 жылын білім беруге арнасам, 17 жылдан астам уақыт бойы ішкі істер саласында еңбек етіп келемін», – дейді ол балалық арманының мамандыққа қалай ұласқаны туралы.

Гүлмира ханымның бұл қадамы – мемлекеттік қызметтің тек лауазым емес, ең алдымен ел мен халыққа деген адалдық екенінің айқын дәлелі. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда көрсетілген кәсібилік пен халық қажеттілігіне бағдарлану қағидаттары осындай мамандардың күнделікті еңбегі арқылы жүзеге асып келеді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы «нөлдік төзімділік»

Қазіргі уақытта Гүлмира Шрахметова қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және онымен күресу бағытында белсенді қызмет атқаруда. Оның айтуынша, соңғы жылдары бұл мәселеге қатысты қоғамның көзқарасы түбегейлі өзгерген. Жабық есік артындағы зорлыққа деген «нөлдік төзімділік» қалыптасып жатыр.

2024 жылдың 14 сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминалдандыру туралы тарихи заңға қол қойып, ол маусым айында күшіне енді.

«Содан бастап ҚР Қылмыстық кодексінің 108-1-бабы (денсаулыққа қасақана зиян келтіру) және 109-1-бабы (ұрып-соғу) бойынша қылмыстық істермен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар бұрынғыдай әкімшілік емес, қылмыстық іс аясында қаралады», – деп түсіндірді аға инспектор заңның маңыздылығын.

Ең қуантарлығы – халықтың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық позициясының артуы. Осыдан 7-8 жыл бұрын әйелдер теперішке шыдап, көніп келсе, қазір зардап шегушінің өзі де, тіпті көршілері мен көшедегі куәгерлер де полицияға бірден хабар беретін деңгейге жеткен. Мемлекеттік қызметші ретінде Гүлмира Шрахметова бұл бағытта тек заң шеңберінде ғана емес, ақпараттық-түсіндіру және біліктілікті арттыру жұмыстарын да қатар алып жүр. Ол жуырда ғана ІІМ жеке құрамының 85-тен астам қызметкеріне жаңа заң нормалары мен зорлық-зомбылық орын алғандағы арнайы алгоритмдер бойынша дәріс оқыды.

Мемлекеттік қызмет туралы пікір: жауапкершілік пен даму

Гүлмира Шрахметованың пайымдауынша, жаңа заң нормалары мен цифрландыру дәуірінде мемлекеттік қызметші, оның ішінде полиция қызметкерлері де бір орнында тұрмай, үнемі ізденісте болуы шарт. Ақпарат ағыны өте көп аумалы-төкпелі заманда халыққа сапалы көмек көрсету үшін біліктілікті үздіксіз арттыру – басты талап.