Қазіргі уақытта эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр
Ақтөбе облысында Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасына барған 100-ден аса азамат уланып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, ішек инфекциясы жағдайларының тіркелуіне байланысты эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр.
«19 маусымнан бастап Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілерімен 102 науқас медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 34 науқаста сальмонеллездің ықтимал жағдайы тіркелді. Аталған жағдайлар бойынша Ақтөбе облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шұғыл хабарламалар жолданып, бактериологиялық зерттеу жүргізу үшін сынамалар алынды. Ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде деп бағаланып отыр. Оларға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде», – делінген әкімдік хабарламасында.
Жағдайды үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылып, Мұғалжар ауданына қосымша медициналық бригадалар жіберілді. Медициналық ұйымдарда қажетті төсек-орын қоры дайындалып, дәрілік заттардың жеткілікті қоры қамтамасыз етілді.
«Науқастардың аурухана дәліздеріне орналастырылғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Байланыста болған тұлғаларды анықтау және оларды медициналық бақылауға алу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда», – делінген хабарламада.