Атырауда екі автобус соқтығысып, алты адам жарақат алды

Автор: Асыл Арман

Апат 22 маусым күні таңғы сағат 08:00 шамасында Амандосов көшесінде болған

Фото: instagram.com/atyrauoil.official/

Атырауда екі автобус соқтығысып қалып, салдарынан алты адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Atyrau OIL мәліметінше, апат 22 маусым күні таңғы сағат 08:00 шамасында Амандосов көшесінде болған.

Алдын ала дерек бойынша, Yutong маркалы автобустың тежегіш жүйесі істен шығып, жол жиегінде тұрған дәл сондай екінші автобусқа соғылған.

Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты салдарынан алты жолаушы түрлі дене жарақатын алып, облыстық ауруханаға жеткізілген.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қажетті материалдар жиналып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.