Шекарадағы қылмыс: Түркістан облысында 17 адам қамауға алынды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Тінту барысында 5 бірлік атыс және пневматикалық қару, ірі көлемде ақша табылды

Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысында 12 маусым күні ҰҚК полициямен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен қылмыстық топты қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу мәліметтері бойынша, топ мүшелері мемлекеттік шекара арқылы өту кезінде кедендік рәсімдерді жеделдетіп өткізу үшін ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне заңсыз делдалдық қызметтер ұйымдастырды деп күдіктеліп отыр.

«Жиналған материалдардың негізінде 17 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, олардың бесеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тінту барысында 5 бірлік атыс және пневматикалық қару, ірі көлемде ақша, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді», – делінген ҰҚК хабарламасында.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.