«Досым, шұғыл көмегің керек»: Шымкентте ер адам 3,5 млн теңгесін алаяқтарға аударып жіберген (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер алты күдіктіні қолға түсірді

Фото: Видеодан скрин

Шымкентте интернет-алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан топ қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаскөйлер WhatsApp мессенджері арқылы кең таралған алаяқтық схеманы қолданған. Олар азаматтарға туысы, досы немесе жақын танысы болып хабарласып, түрлі сылтаумен шұғыл түрде ақша аударуды сұраған. Алданған тұрғындар көрсетілген шоттарға ақша жіберіп отырған.

Жәбірленушілердің бірі – жергілікті тұрғын. Ол өзіне досының атынан шұғыл қаржылай көмек сұраған хабарлама келгеннен кейін, еш күмәнданбастан көрсетілген есепшотқа 3,5 миллион теңге аударған. Кейін алаяқтықтың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер алты күдіктіні анықтады. Тінту барысында жалдамалы пәтерден қылмыс жасау кезінде пайдаланылған 19 SIM-карта, 11 телефон және планшет тәркіленді», – делінген ПД хабарламасында.