Түркістан облысында нөсер жаңбырдан кейін 22 адам құтқарылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Олардың ішінде 7 бала бар

Фото: ТЖМ

Түркістан облысында құтқарушылар нөсерден кейін үйлеріне қайта алмай қалған 22 адамды эвакуациялады. Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккендердің арасында балалар да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бірнеше отбасы табиғат аясына демалуға шыққан. Алайда үйге қайтар жолда олар нөсер жаңбырдың астында қалған. Осының салдарынан Қайнар ауылынан 20 шақырым жердегі «Жылық ата» сарқырамасының маңындағы топырақ жолды су шайып кеткен.

Нөсерден кейін жол жағдайының күрт нашарлауына байланысты бірнеше жеңіл автокөлік пен микроавтобус әрі қарай қозғала алмай, оқиға орнында тұрып қалды.

Қолайсыз ауа райы туралы хабарлама түскен бойда Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері арнайы техникамен оқиға орнына жедел жетті.

Құтқарушылар зардап шеккен азаматтарды қауіпсіз жерге көшіріп, Қайнар ауылына жеткізді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 22 адам эвакуацияланды, олардың ішінде 7 бала бар. Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендер тіркелмеген, тұрғындарға медициналық көмек қажет болмады.