Оқиға 19 маусым күні сағат 13:10 шамасында Тараз қаласындағы №59 түзеу мекемесінде болған
Тараз қаласындағы түзеу мекемесіне танысымен кездесуге келген ер адамнан тыйым салынған құрылғы табылды. Ол қысқа мерзімді кездесуге ішіне жасырын камера орнатылған көзілдірік алып кірмек болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәліметтер бойынша, оқиға 19 маусым күні сағат 13:10 шамасында Тараз қаласындағы №59 түзеу мекемесінде болған. Сәлемдеме мен жеке заттарды тексеру кезінде колония қызметкерлері мен №5513 әскери бөлімінің бақылау-өткізу тобының сарбаздары күдікті затты байқап қалған. Кездесуге келген азаматтың жеке заттарын тінту барысында мекеме аумағына алып өтуге мүлдем тыйым салынған арнайы техникалық құрылғы табылды.
«Бұл зат сырттай қарағанда кәдімгі күннен қорғайтын қара көзілдірікке ұқсағанымен, іс жүзінде ішіне жасырын аудио және бейнежазба жасауға арналған арнайы қондырғы орнатылған құрылғы болып шықты», — деп хабарлады мекеме өкілдері.
Тексеру амалдары басталмас бұрын колония қызметкерлері заң талаптарына сай азаматқа тыйым салынған заттарды өз еркімен өткізу қажеттігін ескерткен. Алайда ол бұл талапты орындаудан бас тартып, жасырын камераны ішке алып кіруге әрекеттенген.
Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы шақырылып, заң бұзушылық дерегі ресми түрде тіркелді. Барлық жиналған материал тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Енді бұл азамат әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады.