ШҚО-да орман өртеніп жатыр

Автор: Дәулет Ботагөз

Оқиға бүгін, 20 маусымда Ұлан ауданында болған

Фото: ТЖМ

Шығыс Қазақстан облысындағы орман шаруашылығы аумағында ірі өрт шықты. Тілсіз жаумен күреске Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы мен арнайы техникалары жұмылдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәлімет бойынша, оқиға бүгін, 20 маусымда Ұлан ауданында болған. «Асу-Бұлақ орман шаруашылығы» КММ-не қарасты Аюда алқабының орманды алқабында өрт шыққан.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, алқаптағы құрғақ шөп, бұталар мен ағаштар лаулап жанған. Қазіргі уақытта өрттің нақты қандай аумақты шарпығаны мамандар тарапынан нақтыланып жатыр.

Жалынды ауыздықтау үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен ТЖД қызметкерлері және арнайы техникалары жұмылдырылды.

Өртті сөндіру жұмыстары екі бағытта қатар жүргізілуде: әуеден бақылау және сөндіру мақсатында МТЖ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның екі тікұшағы жалын ошақтарына жоғарыдан су шашып жатыр, ал жерде негізгі сөндіру шараларын орманшылар мен өрт сөндірушілерден құралған жаяу топтар жүзеге асыруда.

Қатты жел мен таулы жердің рельефі сөндіру жұмыстарын қиындатқанымен, төтенше жағдай қызметкерлері жалынның өршуін шектеуге күш салуда.