Қаза болғандардың екеуі – бала
Ақтөбе қаласындағы автогаз құю бекетінде көлік өртеніп, салдарынан үш адам көз жұмды. Қаза тапқандардың екеуі – кәмелетке толмаған балалар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кезекші бөлімге хабарлама 22:55-те түскен. Өрт сөндіру бөлімшелері Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю бекетіне жедел жеткен.
Жалынды ауыздықтауға ТЖД-ның 10-нан астам техникасы мен 50-ден астам қызметкері, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмылдырылды. Өрт 23:03-те толықтай жойылды.
Өрт сөндірушілер жанып жатқан көлікті сөндіру барысында қайғылы жағдайды анықтады.
«Өртті сөндіру кезінде автокөлік салонынан үш адамның мәйіті табылды. Қаза болғандардың екеуі – бала. Тағы бір азамат түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді», — деп мәлімдеді ТЖД өкілдері.
Қазіргі уақытта мамандар мен тергеушілер автокөліктің неден тұтанғанын және қайғылы оқиғаның шығу себептерін анықтап жатыр.