Қазақстанның жоғары оқу орындарында құжат қабылдау қашан басталатыны белгілі болды

Автор: Асқарова Қарлығаш

Ал мемлекеттік білім грантын иеленуге үміткер талапкерлерден өтініштер 2026 жылғы 13-20 шілде аралығында қабылданады

Фото: istockphoto.com

Қазақстанның барлық жоғары оқу орнында 20 маусымнан бастап қабылдау комиссиялары жұмысын бастайды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство мәліметінше, ҰБТ тапсырып қойған және білім гранттары конкурсына қатысуды жоспарламайтын талапкерлер 20 маусымнан бастап таңдаған жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін құжаттарын тапсыра алады.

Ал мемлекеттік білім грантын иеленуге үміткер талапкерлерден өтініштер 2026 жылғы 13-20 шілде аралығында қабылданады. Осы кезеңде абитуриенттер өздері таңдаған білім беру бағдарламалары мен жоғары оқу орындарын көрсете алады.

Грант конкурсына қатысуға өтініштерді талапкерлер кез келген жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы тапсыра алады. Сондай-ақ құжаттарды жоғары оқу орындарының виртуалды қабылдау комиссиялары мен eGov порталы арқылы онлайн форматта жолдауға мүмкіндік қарастырылған.

Биыл жоғары оқу орындарына түсу үшін белгіленген шекті балл өзгеріссіз қалды. Ұлттық университеттерге түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына 50 балл жинау қажет. Ал «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша шекті балл – 75, «Денсаулық сақтау» саласы үшін – 70, «Құқық» бағыты үшін 75 балл болып белгіленген.

Сонымен қатар талапкерлер «Қазақстан тарихы» мен екі бейіндік пәннен немесе шығармашылық емтиханнан кемінде 5 балл, ал «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылықтан» кемінде 3 балл жинауы тиіс.

Министрлік жоғары оқу орындарының өздері де білім беру бағдарламалары бойынша қосымша шекті балл белгілей алатынын еске салды. Мемлекеттік білім гранттарының иегерлері тізімі 2026 жылғы 10 тамызға дейін жарияланады. Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.