Жаңа Ата заңдағы өзгеріс: президент «ұлт саулығы» ұғымының қалай кеңейтілгенін түсіндірді

Автор: Асыл Арман

Ол жаңа Конституцияда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілгенін айтты

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыұлттық референдумға белсенді қатысқан медицина мамандарына ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазір біз бәріміз Әділетті, Күшті, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Қоғамның барлық саласында ауқымды және түбегейлі өзгерістер жасалуда. Біздің алға қойған мақсатымыз – айқын. Бұл – жас ұрпақтың игілігі үшін тұғыры берік, қуатты мемлекетті құру. Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум кезінде азаматтарымыз отаншылдық пен жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетті. Медицина саласының мамандары да осы ортақ іске белсене атсалысты. Саяси науқан барысында халқымыз біртұтас ұлт болып ұйысып, тарихи таңдауын жасады. Жұртымыз ел тағдырына бей-жай қарамай, жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Бұл жарқын болашаққа жол ашатын аса маңызды шешім болғаны анық», – дейді президент.

Мемлекет басшысы сөзін жалғай отырып, жаңа Ата заңымызда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілгенін тілге тиек етті.

«Мемлекетіміздің мызғымас тірегі – жаңа Ата заңымызда денсаулық сақтау мәселесіне айрықша мән берілді. Біз ұлт саулығы ұғымына алғаш рет кең ауқымда назар аудардық. Соған сәйкес Конституцияда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау қағидаттары айқындалды. Бұл адам өмірін сақтау медицина мамандарының міндеті ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі екенін көрсететін маңызды қадам болды», – дейді мемлекет басшысы.