Павлодар облысында 34 млн теңгеге жөнделген көпір су астында қалды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Бұл көпір 2006 жылы орнатылған

Фото: Видеодан скрин

Павлодар облысында 34 миллион теңгеге жөнделген жылжымалы көпір қайтадан суға батып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі irbistv.kz сайтына сілтеме жасап.

Оқиға Ақсу қаласындағы Көктас ауылының маңында болған. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде көктемгі су тасқынынан кейін өткелдің толықтай су астында қалғанын көрсететін видео жариялады.

Видео авторының айтуынша, өткен жылы жөндеуден өткен көпір қайтадан жарамсыз күйге түскен.

«Былтыр жөнделген жалғыз өткел – көпір тағы да суға кетті. Су тасқынынан кейін сол күйі жатыр. Әкімге бірнеше рет жүгіндік, бірақ ешқандай шара қабылданбай отыр. Биыл қыстан қалай шығатынымызды білмейміз. Тұрғындар көмек сұрап отыр, ал әкім қозғалар емес. Оның жұмысына көңіліміз толмайды», – дейді бейнежазба авторы.

Бұл көпір 2006 жылы орнатылған. Оны төрт ауылдың тұрғындары жайылымдарға шығу және мал азығын дайындау үшін пайдаланады. Сондай-ақ көпір арқылы жоғары вольтты электр желілеріне қызмет көрсететін энергетика компаниясының қызметкерлері қатынайды.

Мәліметке сәйкес, көпірге қатысты қиындықтар бұған дейін де болған. 2024 жылы шенеуніктер оны ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы бөлінгенін мәлімдеген. Алайда 2026 жылдың көктемінде дәнекерлеу тігістерінің ажырауы мен понтон құрылымдарының тозуы анықталып, көпір қайтадан суға кеткен.

Ақсу қаласы әкімдігінің хабарлауынша, бұл мәселеге байланысты мердігер ұйымды кепілдік міндеттемелерін орындауға міндеттеу үшін сотқа талап арыз берілген. Кейін тараптар медиациялық келісімге келген.

«СтройЭталон» ЖШС көпірді осы жылдың 25 шілдесіне дейін қалпына келтіруге міндеттеме алды.

Өткелді қалпына келтіру жұмыстары кепілдік міндеттемелері аясында жүргізіледі.