Оралда жауапты қызметке еңбек өтілі жетпейтін адам тағайындалды: оның басшысы жазаланды

Автор: Асыл Арман

Басшысы мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жазаланды

Фото: istockphoto.com

БҚО-да 17 маусым күні Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда қаралған мәселелердің бірі Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ерболат Кәрімовке қатысты тәртіптік іс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, ол өзіне қарасты мекеменің басшысы қызметіне талаптарға толық сай келмейтін азаматты тағайындаған.

«Кәрімов өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығының директоры лауазымына еңбек өтілі жеткіліксіз адамды тағайындаған. Бұл заң бұзушылықты прокуратура анықтады», – деді Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы Дәурен Қайыров.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін Ерболат Кәрімовке «атқарып отырған лауазымына толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсыну туралы шешім қабылданды.

Тегтер: