Ол үкіметке сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту бойынша депутаттық сауал жолдады
Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы сейсмикалық қауіпсіздік жүйесін цифрландыруды және жер сілкінісі туралы ерте ескерту тетіктерін жетілдіруді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, әсіресе Алматы қаласы мен Алматы облысында сейсмикалық белсенділік, урбанизация және құрылыс тығыздығының артуы жағдайында бұл мәселе өзекті болып отыр.
«Мемлекет басшысы 2024 жылғы 25 қаңтарда Алматы қаласында өткен сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кеңесте атап өткендей, қолданыстағы азаматтық қорғау жүйесі түбегейлі технологиялық жаңғыртуды қажет етеді, ал хабарландыру және мониторинг жүргізу процестері халық қауіпсіздігінің нақты қажеттіліктеріне бағдарлануы тиіс. Сын сағатта жер сілкінісі туралы ескерту адамдарға барынша қысқа мерзімде жетуі керек. Бұл адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мұнда цифрландырудың маңызы зор», – деді ол.
Әбутәліп Мүтәлі мемлекет басшысының 2024 жылғы 25 қаңтарда Алматыдағы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесте айтқан тапсырмаларын еске салып, азаматтық қорғау жүйесі түбегейлі технологиялық жаңғыртуды қажет ететінін атап өтті.
Депутат халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Оның сөзінше, Жапониядағы «UrEDAS» жүйесі жүздеген станциядан келетін мәліметтерді нақты уақыт режимінде өңдеп, жойқын толқын жеткенге дейін жоғары жылдамдықтағы пойыздарды тоқтатуға және өнеркәсіптік нысандарда газ беруді автоматты түрде бұғаттауға мүмкіндік береді.
Ал АҚШ-тың Калифорния штатында «ShakeAlert» жүйесінің деректері сейсмикалық аудандастыру карталарымен біріктірілген. Соның нәтижесінде құрылыс салушылар нақты аумақтың сейсмикалық тәуекелдерін ескермей жоба әзірлей алмайды.
«Әлемдік тәжірибенің басты сабағы – жер сілкінісін тіркеуден тәуекелдерді алдын ала басқаруға көшу», – деді депутат.
Мүтәлі төтенше жағдайлар министрлігі сейсмология саласын дамыту бойынша бірқатар жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. Алайда бірқатар бағытты күшейту қажет деп санайды.
Оның пікірінше, елдегі сейсмикалық аудандастыру карталарын әзірлеуді аяқтап, оларды қала құрылысы жоспарлау жүйесіне толық енгізу қажет. Сонымен қатар бақылау станциялары желісін кеңейтіп, сейсмикалық қауіпті аймақтарды біркелкі қамту маңызды.
Депутат жер сілкінісін бақылау, талдау және халықты ерте хабардар ету жүйелерін бір ұлттық цифрлық контурға біріктіруді ұсынды.
«Саланы цифрландыруды күшейту қажет. Жер сілкінісі кезіндегі әрекет секундтармен өлшенеді. Сондықтан жасанды интеллект мүмкіндіктерін барынша пайдалану керек», – деді ол.
Депутат сейсмикалық тәуекелдерді басқару жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында мынадай шараларды қарастыруды орынды деп санайтынын айтты. Осыған орай оның ұсыныстары: