Ол мектептерде, әскери бөлімдерде және мемлекеттік мекемелерде басшылыққа алуды ұсынды
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында қоғамдағы құқықтық мәдениетті күшейту және Конституцияның рөлін арттыру бойынша бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы жариялаған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының негізінде заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықтық мемлекетті нығайту және азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру міндеті жатыр.
«Ата заңды тек құқықтық құжат ретінде ғана емес, азаматтық жауапкершіліктің, ұлттық бірегейліктің және мемлекеттік сананың негізі ретінде қоғамдық өмірде кеңінен орнықтыру маңызды», – деді Үнзила Шапақ.
Ол дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне тоқталып, АҚШ пен Еуропаның бірқатар мемлекетінде Конституция мемлекеттік басқарудың ғана емес, қоғамдық өмірдің де негізгі бағдарына айналғанын атап өтті.
«Сот шешімдері мен мемлекеттік органдардың құқықтық актілерінде Конституция нормаларына тұрақты түрде сілтеме жасалып, азаматтардың конституциялық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді», – деді депутат.
Үнзила Шапақтың сөзінше, Қазақстанда да соңғы жылдары Конституцияның рөлін күшейту бағытында маңызды реформалар жүзеге асырылды. Конституцияны ілгерілету жөніндегі жоспар қабылданып, сот тәжірибесінде Ата заң нормаларына тікелей сүйену үрдісі қалыптасып келеді. Сонымен қатар білім беру жүйесінде құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған жаңа пәндер енгізілген. Алайда депутат Конституцияның қоғамдағы орны мен маңызын терең түсіну деңгейі әлі де жеткіліксіз екенін айтты.
«Көп жағдайда оның нормалары кәсіби құқықтық орта аясында ғана қолданылып, азаматтардың күнделікті өмірімен толық сабақтаса қойған жоқ. Ал Конституция әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына, құқықтық мәдениетіне және азаматтық жауапкершілігіне негіз болатын құндылыққа айналуы тиіс», – деді ол.
Мәжіліс депутаты сөзін жалғай отырып, АҚШ тәжірибесін мысалға келтірді.
«АҚШ-та құқық қорғау органдары азаматты ұстаған кезде оған Конституцияда кепілдік берген құқықтары туралы міндетті түрде түсіндіреді. Бұл – конституциялық нормалардың қоғам өмірінде нақты жұмыс істейтінінің айқын көрінісі», – деді Шапақ.
Оның пікірінше, Конституция мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі, қоғамдық келісімнің тірегі және елдің ұзақ мерзімді дамуының стратегиялық бағдары болып саналады.
Осыған байланысты депутат Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады.
«Ата заңға құрмет – құқықтық мемлекеттің ғана емес, әділетті қоғамның да басты өлшемі. Сондықтан Конституцияның қағидаттары әрбір азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс», – деп түйіндеді депутат.