Қорғаныс министрінің орынбасары Израиль тәжірибесін енгізу мәселесіне жауап берді
Қазақстанда қыздарды Израильдегі сияқты міндетті әскери қызметке шақыру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналистер министрлік өкілінен қыздардың әскери қызметке қызығушылығы мен олардың саны туралы сұрады.
«Ұсыныстар бар. Қыздар келіп жатыр», – деді Асқар Мұстабеков.
Алайда ол қазіргі уақытта Қарулы күштер қатарында қанша нәзікжанды қызмет етіп жүргені туралы нақты статистиканы айта алған жоқ.
«Қазір нақты санын айта алмаймын. Егер бұл ақпарат қажет болса, ресми сауал жолдаңыздар, жауап береміз», – деді министрдің орынбасары.
Сондай-ақ журналистер Израиль тәжірибесін мысалға келтіріп, Қазақстанда қыздарды міндетті әскери қызметке шақыру мүмкіндігін сұрады.
«Жоқ. Бізде ондай мәселе қарастырылып жатқан жоқ», – деп жауап берді Асқар Мұстабеков.