Қазақстан неліктен миллиардтап қарыз алып жатыр: Мәди Тәкиев себептерін түсіндірді

Автор: Аягөз Құрмаш

Халықаралық қаржы ұйымдарынан алынатын қаражат бюджет тапшылығын жабуға бағытталады

Фото: istockphoto.com

Қаржы министрі Мәди Тәкиев Қазақстанның екі халықаралық қаржы ұйымынан қарыз тарту себебін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, бюджет жоспарланған кездегі және қазіргі валюта бағамының айырмашылығы кірістердің азаюына әсер еткен.

«Форс-мажорлық жағдайлар болып тұрады. Біз қазір 2026 жылдамыз. Бюджет доллар бағамы 540 теңге деңгейінде қалыптастырылды. Қазір бағам әлдеқайда төмен. Соған сәйкес кейбір кірістер азаяды. Сондықтан түсімдердің жетіспейтін бөлігін жабуымыз қажет болады. Ол үшін бюджетті нақтылау, Үкімет резервін пайдалану сияқты түрлі құралдар қолданылады. Осылайша бюджет тапшылығын жауып отырамыз», – деді Тәкиев Мәжіліс кулуарында.

Министрдің мәліметінше, биылғы республикалық бюджет көлемі 27 трлн теңгені құрайды. Оның 19 трлн теңгесі – меншікті кірістер, ал 2,7 трлн теңгесі – Ұлттық қордан бөлінетін трансферт.

«Жетпейтін бөлігі бюджет тапшылығы болып есептеледі. Қазір бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 2,5 пайызын құрайды. Бұл тапшылық ішкі және сыртқы қарыз алу арқылы жабылады», – деді министр.

Оның айтуынша, сыртқы қарыз алудың басты себебі – халықаралық қаржы нарығындағы төмен пайыздық мөлшерлемелер.

«Біз халықаралық банктерден 1 млрд долларды жылдық 1,15-1,2 пайызбен, 11 жыл мерзімге және жеңілдік кезеңімен алдық. Бұл қарызға қызмет көрсету тұрғысынан өте қолайлы шарттар», – деді ол.

Сонымен қатар министр бюджет шығындарын қысқарту және кірістерді ұлғайту бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Өткен жылы бюджет қалыптастыру кезінде бастапқы қажеттілік 34 трлн теңге болған. Кейін оны 27 трлн теңгеге дейін қысқарттық. Яғни бюджет көлемі 7 трлн теңгеге азайтылды. Енді оны қамтамасыз ету үшін меншікті кірістер қажет», – деді Мәди Тәкиев.

Оның сөзінше, жыл басынан бері салықтық әкімшілендіруді күшейту нәтижесінде бюджетке қосымша 493 млрд теңге түскен. Сондай-ақ министр қазіргі уақытта халықаралық қаржы ұйымдарымен жасалған келісімдер бойынша қаражат әлі алынбағанын айтты.

«Жоқ. Қазір біз тек келісімді ратификациялап жатырмыз», – деді ол.

Мәди Тәкиевтің айтуынша, биыл бюджет тапшылығын жабу үшін ішкі нарықтан тағы шамамен 2 трлн теңге көлемінде қаражат тарту жоспарланып отыр.