«Айбын-2026»: Щучьеге Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командалары жиналады

Автор: Бақыт Шынар

Жастар жиыны маусым айының соңына қарай өтеді

Фото: Қорғаныс министрлігі

21-27 маусым аралығында Ақмола облысының Щучье қаласында Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледждің «Амандық» оқу-жаттығу орталығында XII «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтпек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасай отырып.

«Биыл еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиенің ең ауқымды ордасы 53 команда құрамында 14-17 жас аралығындағы 900-ден астам қатысушыны қабылдайды. Олардың қатарында Қазақстан әр өңірінен іріктелген құрамалар, Қарулы күштердің және өзге де күштік құрылымдардың әскери-патриоттық клубтары, әскери колледждер мен мамандандырылған лицейлер бар. Бұған қоса Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командалары қатысатынын растады», - деп хабарлайды министрлік.

Бұл жарыста Қазақстанның намысын Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Қорғаныс министрлігі Әскери колледжінің кадеттері қорғайды. Әзербайжан атынан Гейдар Әлиев пен Жәмшид Нахчыванский атындағы әскери лицейлердің курсанттары келеді. Беларусь елдегі ең көне әскери оқу орындарының бірі – Минскідегі Суворов әскери училищесінің командасын жібереді. Қырғыз елінен Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Дайыр Асанов атындағы Ұлттық әскери лицейдің тәрбиеленушілері қатысады. Ресейден 1,7 миллионнан астам бала мен жасөспірімді біріктіретін «ЮНАРМИЯ» бүкілресейлік әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері келеді. Өзбекстан намысын «Ватан таянчи» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қорғайды.

«Айбын-2026» бағдарламасына әскери-спорттық, зияткерлік және шығармашылық сайыстар енгізілген. Қатысушылар әскери кросс пен эстафета, «Күшіміз бірлікте» әскери-тактикалық ойыны, ату сайыстары, АК-74 автоматын толық емес шашып жинау, белтемірге тартылу, робототехника жарыстары мен «Айбын дарыны» зияткерлік ойынында сынға түседі.

Бұдан басқа Action Air спорттық ату бойынша көрсетілімдер, «Біртұтас ел – біртұтас жер» кәсіби бағдар беру кездесуі және заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың көрмесі ұйымдастырылады.

«Биыл біз бағдарламаны жаңа білім беру және спорт бағыттарымен толықтырдық. Алғаш рет жүзуден жарыстар өтеді. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жас өнертапқыштар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін таныстырады. Сонымен қатар Smart Sarbaz үйірмесінің тәрбиеленушілері FPV-дрондарды басқару бойынша тәжірибелік дағдыларын көрсетеді. Робототехника, ақпараттық технологиялар және киберқауіпсіздік салаларындағы инновациялық жобалардың таныстырылымы да өтеді», – деді «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының» төрағасы, майор Мейірбек Меңдіғалиев.