«Екі аяғын ампутациялады»: Қызылордада жаөспірімнің екі аяғы аттракцион арасында жаншылып қалған (ВИДЕО)
Осыған байланысты жақындары мен туыстары тұрғындардан көмек сұрап, қан тапсыруға шақырды
Қызылорда қаласындағы ойын-сауық саябақтарының бірінде болған қайғылы оқиға салдарынан жасөспірім ауыр жарақат алды. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, аттракциондағы оқыс жағдайдан кейін бала екі аяғынан айырылып, көп қан жоғалтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті медициналық көмекті көрсетіп жатыр. Осыған байланысты жақындары мен туыстары тұрғындардан қан тапсырып, көмек көрсетуге шақырды.
«Екі аяғынан ауыр жарақат алып, қан тоқтамай жатыр. Көмектесіп, қан тапсырып жіберсеңіздер. Баланы аман алып қалайық», – делінген әлеуметтік желіде тараған хабарламада.
Оқиғаның куәгерлері аттракцион жұмысы кезінде оқыс жағдай болғанын айтады. Алайда оқиғаның нақты мән-жайы әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Редакция Қызылорда облыстық полиция департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ресми сауал жолдады. Құзырлы органдардан жауап алынған жағдайда материал толықтырылады.