Бозжырада Джеки Чанның әйгілі фильмі түсіріліп жатыр

Автор: Асыл Арман

Фильмнің прокатқа шығуы 2027 жылдың ақпан айына жоспарланып отыр

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстау облысында дүние жүзіне танымал актер Джеки Чанның әйгілі фильмінің түсірілімі басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Armour of God: Ultimatum» халықаралық кино жобасының түсірілімі жүріп жатыр. Жобаны Sәlem Entertainment және Dala Edge Creative Tech Park компаниялары жүзеге асыруда.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, түсірілім тобы Маңғыстаудың бірегей табиғи ландшафтарында жұмысын бастады. Фильмнің негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде әлемге танымал Бозжыра шатқалы таңдалған. 7-12 маусым аралығында аталған аумақта 35 адамнан тұратын түсірілім тобы жұмыс жүргізіп, фильмнің бірқатар көрінісін түсірді.

«Аталған жоба отандық киноиндустрия үшін маңызды оқиға саналады. Ол ішкі туризмді халықаралық деңгейде ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Өңірдің бірегей табиғи және тарихи нысандарының халықаралық кино жобада көрініс табуы миллиондаған көрерменнің назарын аударып, туризмнің дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және өңір мен еліміздің халықаралық беделінің нығаюына ықпал етеді», – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

Түсірілім жұмысы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр, ал фильмнің прокатқа шығуы 2027 жылдың ақпан айына белгіленген.