Димаш Құдайберген өзінің портретін жасаған оқушыларға жолдама сыйлады

Автор: Асыл Арман

Ол Ақтөбеде өзі білім алған мектеп пен, музыкалық колледжге барды

Фото: dimashnews.com

Әнші Димаш Құдайберген Ақтөбеде өз портретін LEGO бөлшектерінен құрастырған оқушылармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Димаш шығармашылық сапармен алдымен өзі білім алған №32 гимназияға, сондай-ақ опера әншісі мамандығын меңгерген Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжіне барды.

Ары қарай «Шұғыла» балалар лагеріне барып, өзіне арналған ауқымды LEGO жобасының авторларымен кездесті. Әншінің портретін жасау идеясы мектептегі робототехника үйірмесінде туған. Үйірме жетекшісі Жаналы Мақаттың айтуынша, оқушылар жеке емес, ортақ жоба жасауды ұйғарған.

Жұмысты бастамас бұрын оқушылар әншінің өмірбаяны мен жетістіктерін зерттеп, эскизін дайындап, композицияның құрылымын ойластырған.

Жобаға төртінші сыныптың бес оқушысы қатысқан. Оқушылар құрастырылымды мұғалімдермен бірге жинап, бөлшектердің бекітілетін орындарын белгілеп, жекелеген элементтерін жетілдіріп отырған. Нәтижесінде ені шамамен 1,5 метр, ұзындығы 2,5 метр болатын LEGO композициясы жасалды. Оны құрастыруға бір аптадай уақыт кеткен.

Кездесу барысында Димаш жас жеткіншектерге алғыс білдіріп, бес оқушыға «Шұғыла» лагеріне жолдама сыйлады.