Ахалтеке жылқыларының табыны жаңа құлындармен толықты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа туған ахалтеке құлындарын көрсетіп, президенттік ат қораның жаңа тұрғындарына қандай есім бергенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы Instagram парақшасында құлындардың суреттерін жариялап, жуырда ахалтеке жылқыларының табыны толыққанын мәлімдеді.
«Бүгін арнайы келіп, асыл тұқымды сәйгүліктерді көрдім. Жақында екі бие құлындап, ахалтеке жылқыларының табыны жаңа төлмен толықты. Алғашқы құлынға Ақниет, ал кейін туған байтал құлынға Бөрте деген есім бердім. «Болар бала бесігінде бұлқынар, болар құлын желісінде жұлқынар» демекші, екеуінің де жүйрік, желмен жарысар тұлпар болып өсуіне тілектестік білдірдім», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ахалтеке жылқысы – әлемдегі ең көне тұқымдардың бірі. Ол төзімділігімен, жүйріктігімен және ерекше келбетімен жоғары бағаланады.