Ақмола облысында жер үй отқа оранды: құтқарушылар жойқын жарылыстың алдын алды

Автор: Дәулет Ботагөз

ТЖМ мамандары үй ішінен әрқайсысы 27 литрлік үш газ баллонын қауіпсіз жерге алып шықты

Фото: ТЖМ

14 маусым күні таңертең Көкшетау қаласындағы жер үйлердің бірінен өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері тілсіз жауды ауыздықтау кезінде жарылыстың алдын алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға орнына бірінші болып жеткен құтқарушылар үйдің ашық жалынмен өртеніп жатқанын анықтады. Барлау және өртті сөндіру барысында ТЖМ мамандары үй ішінен әрқайсысы 27 литрлік үш газ баллонын қауіпсіз жерге алып шықты. Бұл әрекет ықтимал жарылыс пен қайғылы жағдайды болдырмауға мүмкіндік берді.

Өрт сөндірушілердің кәсіби іс-қимылының арқасында жалынның көршілес құрылыстарға өтуіне жол берілмеді. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрттің жалпы аумағы 168 шаршы метрді құраған. Мекеменің хабарлауынша, оқиға салдарынан зардап шеккендер де, қаза тапқандар да жоқ.

Қазіргі уақытта тілсіз жаудың шығу себептері мен материалдық шығыны анықталып жатыр.