Шектеулер белгілі бір кезеңде немесе маршруттың жекелеген бөліктерінде қолданылады
Шығыс Қазақстан облысында өңірдегі ең танымал туристік нысандардың біріне апаратын жолда уақытша қозғалыс шектелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне сілтеме жасап.
Шектеу «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 437–450 шақырым аралығында негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарының жүргізілуіне байланысты енгізілген.
8 маусымнан бастап аталған учаскеде көлік қозғалысы күн сайын сағат 06:00-ден 18:00-ге дейін шектеледі. Осыған байланысты «Рахман қайнары» туристік бағытына жету уақытша қиындап отыр.
Шектеулер құрылыс жұмыстары толық аяқталғанға дейін сақталады. Саяхатшыларға сапарларын жоспарлау кезінде бұл өзгерістерді ескеріп, балама бағыттарды алдын ала қарастыру ұсынылады.