Жамбыл облысында 46 ұңғыманы қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

Автор: Дәулет Ботагөз

Нысандардың жалпы ұзындығы 88 шақырымнан асады

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жамбыл облысының егістік алқаптарын суару жүйесін жақсарту мақсатында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірдегі су шаруашылығы нысандарының құрылыс-жөндеу барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министр Меркі ауданында Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан 46 су жинау ұңғымасын қалпына келтіру жұмыстарын көрді. Бұл нысандар аймақтағы суару каналдары мен дренаждық жүйелерді қайта жаңғырту жобасы аясында жөнделіп жатыр.

Ойтал ауылдық округінде жүргізілген жұмыстар нәтижелі аяқталды. Жоспарланған 13 ұңғыма толықтай қалпына келтіріліп, қайта іске қосылды. Сонымен қатар, Андас батыр ауылдық округінде 27 ұңғыма пайдалануға берілді. Ал аталған округтегі қалған 6 ұңғыманы сынақтан өткізу жұмыстары маусым айының соңына дейін толық аяқталмақ.

Бұл су жинау ұңғымалары шамамен 2,7 мың гектар суармалы жерді ағын сумен қамтамасыз ететін каналдарды қосымша сумен қоректендіруге арналған.

Сапар барысында Нұржан Нұржігітов Шу ауданына барып, биыл басталған Сол жағалаулық және оң жағалаулық магистральдық каналдарын реконструкциялау жұмысымен танысты.

«Нысандардың жалпы ұзындығы 88 шақырымнан асады. Қазіргі уақытта арналарда жер қазу және тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр», — деп хабарлады министрліктен.

Бұл жоба Шу ауданындағы 18,1 мың гектар суармалы жерді сумен қамтуды жақсартады. Ислам даму банкімен бірлескен жобаның бірінші кезеңін келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ аудандағы К-1 каналында да дайындық шаралары басталды.

Ал Қордай ауданында ұзындығы 18 шақырым болатын «Благовещенский» каналын жөндеу жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Ол осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, Қайнар ауылындағы 3800 гектар алқапты суаратын, қуаттылығы секундына 1 текше метр болатын контейнерлік сорғы станциясының да жұмысы тексерілді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов атқарылып жатқан шаралардың маңыздылығына тоқталды.

«Жамбыл облысының суармалы алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді пайдалану үшін өңірде ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Енді барлық жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету қажет. Біздің министрлік бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайды», — деп түйіндеді министр.