Алматы облысында заңсыз арақ-шарап сатқан 74 дүкен анықталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Осыған дейін жүргізілген тексерістер барысында бір түннің өзінде онға дейін заң бұзушылық анықталатын

Фото: © istockphoto.com

Алматы облысының Іле ауданында заңсыз түнде ішімдік саудасын қыздырған кәсіпкерлер жазаланды. Прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген рейдтер барысында ондаған құқық бұзушылық әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қадағалау органы ел заңнамасына сәйкес, құрамында спирті бар алкогольді өнімдерді кешкі сағат 21:00-ден кейін бөлшектеп сатуға ресми түрде тыйым салынғанын еске салады.

Алайда бұл шектеуді елемей, пайда тапқысы келген сауда нүктелері әлі де кездеседі. Мәселен, Іле ауданы аумағында жүргізілген тексерістер нәтижесінде жарты жыл ішінде түнде алкоголь сатудың 74 дерегі ресми түрде тіркелді. Заңды белшесінен басқан кінәлі тұлғалардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Прокурорлардың мәлімдеуінше, қабылданған қатаң шаралар мен тұрақты рейдтер қазірдің өзінде оң нәтижесін бере бастаған. Дүкен иелері айыппұлдан қорыққандықтан, заңсыздыққа баруды азайтқан.

Рейдтік іс-шаралардың тиімділігі нақты көрсеткіштермен байқалып отыр. Бұған дейін жүргізілген тексерістер барысында бір түннің өзінде онға дейін заң бұзушылық анықталатын. Ал қазіргі таңда жағдай айтарлықтай жақсарып, бір рейд барысында небәрі 1–2 ғана құқық бұзушылық тіркелуде.

«Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың тиімділігін ауылдар мен елді мекендердің тұрғындары да сезініп отыр. Түнгі уақытта ішімдік іздеп мазаны алатындар азайған», — деп атап өтті қадағалау органынан. 

Іле ауданының прокуратурасы қоғамдық тәртіпті нығайту және түнгі қылмыстың алдын алу мақсатында мұндай бақылау шараларын алдағы уақытта да жалғастырмақ.