Синоптиктер аптап ыстықпен қатар, дауыл мен жауын-шашын жайлы ескерту жасады
Қазақстан аумағында алдағы демалыс күні ауа райы күрт құбылып, бірқатар өңірде қауіпті метеорологиялық құбылыстар болады. Синоптиктер аптап ыстықпен қатар, дауыл мен жауын-шашын жайлы ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, 14 маусым, жексенбі күні еліміздің бірқатар өңірінде күндіз ауа температурасы +35…+38°C дейін көтеріліп, қалыптан тыс аптап ыстық күтіледі. Аптап ыстық сақталатын өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстары бар.
Атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. Ел аумағында найзағай жарқылдап, өткінші жаңбыр жауады, сондай-ақ бұршақ түсуі мүмкін.
«Қазақстанның батысында нөсер жаңбыр жаууы ықтимал. Республика бойынша желдің күшеюі және дауыл күтіледі. Ал батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерде түнде және таңертең қою тұман түседі», — делінген ресми хабарламада.
Күннің ысуы мен желдің күшеюіне байланысты республиканың басым бөлігінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Төтенше өрт қаупі: Қызылорда, Түркістан облыстарында, Абай облысында, Батыс Қазақстанның қиыр батысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Қостанайдың оңтүстік-батысында, Ақмола мен Павлодар облыстарының шығысында, Қарағанды облысының батысы, солтүстігі мен орталығында, Жамбылдың батысында, Алматы облысының солтүстігінде, Шығыс Қазақстанда және Жетісу облысының шығысында күтіледі.
Жоғары өрт қаупі: Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ұлытау облыстарында, Батыс Қазақстанның батысы мен оңтүстік-батысында, Атыраудың солтүстік-батысы, оңтүстігі мен шығысында, Маңғыстау мен Жетісудың батысында, Қостанайдың оңтүстігінде, Ақмоланың оңтүстігі мен орталығында, Павлодардың солтүстігінде, Алматы облысының батысы, солтүстігі мен орталығында, Түркістан облысының оңтүстік-шығысы мен орталығында сақталады.