Жезқазғанда спорт академиясы мен жаңа жағалау құрылысы қарқын алды
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жұмыс сапары барысында Жезқазғандағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, олардың іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бағдарламаның негізгі тармақтарының бірі – «NAMYS» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы болды. Құны 8,1 млрд теңгені құрайтын жоба 5 мың шаршы метрден астам аумақта 150-200 тәрбиеленушіге арналған заманауи спорт кешенін салуды көздейді. Мұнда Ұлытау облысының қалалары мен аудандарынан келген балалар үшін сапалы білім беру мен кәсіби спорттық даярлықты ұштастыруға жағдай жасалады.
«NAMYS» СК» қоры Жезқазған өңірінде 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде оның үйірмелерінде 3 мыңнан астам бала спортпен шұғылданды. Ал бүгінде 700-ден астам жас спортшы тұрақты түрде әртүрлі спорт түрімен айналысады. Академияның ашылуы биыл қыркүйек айына жоспарланған.
Сонымен қатар Руслан Өскенәлі Кеңгір су қоймасы бойындағы жағалау құрылысы жобасымен танысты. Құны шамамен 3,4 млрд теңге болатын жаңа қоғамдық нысанның екінші кезеңі Ұлытау облысы әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС арасындағы меморандум аясында іске асырылуда. Облыстық мешітпен бірге бұл жағалау демалыс, серуендеу және мәдени іс-шаралар өткізуге арналған заманауи қоғамдық кеңістікті қалыптастырады.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Руслан Өскенәлі өңірдің дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған барлық жобалардың сапалы және белгіленген мерзімде орындалуының маңызын атап өтті.
«Қазақмыс» корпорациясында әлеуметтік міндеттемелерді орындау және өзіне қатысы бар өңірлерді дамыту компанияның негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретіні атап өтілді. Өндірістік жобалармен қатар компания спорт, мәдениет, білім беру және қоғамдық инфрақұрылым нысандарын салуға жүйелі түрде инвестиция құйып, Ұлытау облысының тұрақты дамуына үлес қосуда.